Ұлттық Академиялық кітапхана бастамасымен дәстүрге айналған «Kitap Time-2025» республикалық кітап фестивалі аясында Амангелді аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен « Кітап-тарих,шежіре!» атты танымдық сағат өткізілді.
Шараға Амангелді орта мектебінің белсенді кітапсүйер оқырмандары қатысты
Кештің негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық әдебиетімізді дәріптеу және рухани даму жолында кітаптың маңызын арттыру.
Іс-шараның басын кітапханашы ашып, адам өмірінде кітаптың орны жайлы, кітап оқудың адам дамуына тигізетін ықпалы туралы мазмұнды ойымен бөлісті.
Кеш барысында жас қаламгерлер мен әдебиетке жақын жастар-Қанатқызы Жасмин,Айтмұхан Айзере, Нұрланқызы Аида,Ахметсапа Ерсұлтан, т.б. сүйікті ақындарының өлеңдерін оқып, сүйіп оқитын кітаптары туралы әсерлі ойларымен бөлісті.
«Қандай жанрларды оқуға құштарсыз?», «Кітап таңдағанда кімнің кеңесіне жүгінесіз?», «Сіз үшін кітап оқудың басты мақсаты не?», «Кітап оқу мәдениеті дегеніміз не?» сұрақтары төңірегінде қызу пікір алмасты.
Қатысушылар арасында викториналық сұрақтар ойнатылып, әдебиет білімпаздары анықталды.Жеңімпаздарға кітапхана атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Бұл шара тек Ұлттық кітап күнін атап өтумен шектеліп қоймай, жастардың кітапқа деген ынтасын оятуға, шығармашылыққа деген құштарлығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени қадам болды. Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, кітапхана қызметіне сәттілік тіледі.

























