Құмкешу ауылдық кітапханасында Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» тақырыбында мултимедиялық бейне баян оқырман назарына ұсынылды.Мақсаты: Шоқан Уәлихановтың қысқа да саналы ғұмырында артына қалдырған сан қырлы ғылыми еңбектері туралы кеңінен мағлұмат беру, елі, халқы үшін істеген игі істерін мақтан ету, үлгі ету.

Шоқан 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекетінде қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Күнтимес ордасында атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген.Әкесі Шыңғыс Уәлихановұлы сол кезде Аманқарағай дуанының /орталығы Қараоба мекені/ аға сұлтаны болған.Шоқанның өз атасы Уәли Орта жүздің ханы болған.Арғы атасы Қазақ Ордасының Ұлық ханы Абылай,Шоқан оның шөбересі.Әжесі Айғаным тұратын Сырымбеттегі хан ордасында балдәурен күндерін өткізген. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті»хан тұқымы болғандықтан,Күнтимес ордасындағы әкесі ашқан ауыл мектебінде хат таныған Шоқан сол мектепте ортағасырлық қыпшақ-шағатай тілін меңгереді,парсыша,арабша тіл сындырады.1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым,өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Кадет корпусын 1853 жылы он жеті жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады.

1858-1859 жылдардағы Шоқанның Қашқарияға сапары ғалымдық,ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты.Қашғария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын.Саудагер ретінде Қашғарияға құпия барған Шоқан,өлкенің экономикалық саяси құрылымын зерттеп,оның тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды.Аз өмірінде Уәлиханов Орталық Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырған.

Дүниежүзілік ғылымға үлкен үлес қосқан Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуірдің 10-ында Матай тауының етегінде қайтыс болған.

Шоқан Шыңғысұлының өмірі мен өлімі құпияларға толы. Оның еңбектері өте құнды: олар Орта Азия халықтарының мәдениетін зерттеуде орасан зор рөл атқарды. Уалихановтың қазақ халқы үшін маңызы өте зор. Ол отандастарының мәдениеті мен тұрмысын сипаттап, жергілікті әдет-ғұрыптар, көшпелі халықтар өмірінің экономикалық құрылымы туралы мәліметтерді жинап, көпшілікке жеткізді. Шоқан Уалиханов - ұлы шығыстанушы және саяхатшы. Ол аз ғұмыр кешті, бірақ тарихқа әйгілі қазақ ғалымы және ең ірі зерттеуші ретінде енді..