«Дархан даланы әнге бөлеп» Композитор Қалибек Деріпсалдин-70 жаста. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,әнші,жерлес композитор Қалибек Деріпсалдин 1953 жылы 10 қаңтарда Қостанай облысы Аманкелді ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әнші 1970 жылы Аманкелді орта мектебін бітіріп, Жамбыл мәдениет-ағарту училищесіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы қызыл дипломмен аяқтап шығады. Училищеде оқып жүргенінде-ақ облыстық көркемөнерпаздар фестивалінің үш мәрте лауреаты атанды. 1970 жылдан Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсетіп,1972 жылы «Қызғалдақ» ансамблінің құрамында Мәскеу қаласында ән шырқайды. 1973 жылы Арқалық қаласындағы Ш. Уалиханов атындағы мектепте ән-күй пәнінен сабақ беріп, «Шертер» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде жұмыс істейді. Мектепте «Балауса» ән-би ансамблін,қалалық мәдениет бөлімінде «Торғай толғауы» халық аспаптар ансамблін құрды. 1980 жылы Қима аудандық мәдениет бөлімін басқарып, «Гүлдәурен» халық аспаптық ансамблін ұйымдастырады. Сол жылы «ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі» атағын алады. 1982 жылы Аманкелді аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып, «Торғай толқыны» атты халық аспаптар ансамблін, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте «Көктем гүлі» атты ән-би ансамблін өмірге әкеледі. Қалибек Деріпсалдин республикалық, халықаралық конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Қалибек Деріпсалдиннің «Көктем қыздар», «Домбыра сазы», «Ерке құсым», «Айлы түнде», «Торғай әуендері», «Тобыл-Торғай әуендері» атты әндер жинағы жарық көрді. Композитор 150 ән мен бірнеше күйдің авторы. Жерлес композитор ағамызға мықты денсаулық, отбасына амандық тілей отырып, туған жерін әнімен тербетіп, халықтың жүрегінен үлкен орын ала беріңіз дегіміз келеді. Аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы: Сакулова Набира