Сарғаскер Әбіш Рысбайұлы
Биыл Торғай ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі, Амангелді сардардың орынбасары, өз заманында дін исламның жарқын өкілі болған, мектеп ашып, бала оқытқан молда ,сарғаскер Әбіш Рысбайұлының туғанына -155 жыл толып отыр.
Осы айтулы күнге орай Амангелді аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде ұрпағы Дина Әбішеваның «Сарғаскер Әбіш» атты кітабының тұсаукесері және «Әбіш Рысбайұлының туғанына-155 жыл» аты ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Кештің басы жас айтыскер ақын Ізтілеуов Балтасардың орындауында Әбіш Рысбайұлының рухына арнап шығарған «Әбіші Рысбайдың» атты арнауымен басталып, одан әрі кітапханашы Г.Қалмағанбетова «Шежіре сурет-шын дерек» атты суретті кітап көрмесімен таныстырып өтті.
Көрмеге Торғайдағы ұлт–азаттық көтерілістің басы-қасында жүрген тұлғалардан бастап, бүгінгі ұлықталып отырған Әбіш Рысбайұлының да еңбегі зор екендігі, олармен бірге жүргендігі жөніндегі деректер мен дәйектер ,кітапхана қорындағы әдебиеттер қойылып, шолу жасалынды.
Қарасу аулының тұрғыны, Амангелді ауданының Құрметті азаматы, ҚР білім беру және ағарту ісінің үздігі, Тыл және Еңбек ардагері Қоржын Мырзабек Қаненұлы мен аудан әкімінің орынбасары Ғаниев Сүндет Жолдыбекұлы кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, ізгі тілектерін айтып, сәттілік тілей отырып, кітап оқырман қолына жол тартты.
Дина Әбішеваның «Сарғаскер Әбіш» атты кітабына Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі, батыр-сарғаскер Әбіш Рысбайұлының ерлігі мен халқына сіңірген еңбегі арқау болған.
Кітап Алматы қаласы, «Алуа» ЖШС,2022жылы 500 данамен жарыққа шыққан.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ,журналист-жазушы, аудармашы, «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалінің иегері Дина Ғисақызы атасы Әбіш Рысбайұлы туралы деректерді жинап,Алматы, Ақтөбе,Қостанай, Арқалықтың архив музей,кітапханаларында болып, көтеріліс болып өткен Құмкөшу-Үрпек-Доғал жерлерін аралап, «Сарғаскер Әбіш» атты тарихи-деректемелік кітабын жазып, Әбіш Рысбайұлының жұрты-Амангелдінің қалың оқырманына ұсынып отыр.
Кітап тұсаукесерінен соң,кештің екінші бөлімі ғылыми конференциямен жалғасын тапты. Зейнеттегі ұстаз,ақын, көптеген сценарийлердің авторы, Үрпек ауылының тұрғыны Серік Жұмабекұлы жүргізіп отырған конференцияда қонақ ретінде Астанадан арнайы келген журналистер Жомарт Нұрманов, Сұлтанғали Бейсекеев, кітап авторы Дина Әбішева,аудан ақсақалы Серік Жұмағұлов сияқты ел азаматтары баяндамаларын оқып, Әбіш Рысбайұлы туралы, оның тарихтан нақты орын алуы, еңбегі мен ерлігі жөніндегі пікірлерін білдірді.
Жарыссөзге шыққан Дәулетбай қажы Әбдіхалықұлы, күйші-композитор Айтбай Мұздаханұлы, «Жасбуын» орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Төлепберген Шарафидденұлы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің кітапханашысы Мұсабаева Камила Сапарғалиқызы,аудандық мәслихат төрағасы Әлшорин Сейдағалым Шіменбайұлы да Әбіш Рысбайұлының аты қайтадан жаңғырып, ұлықталып жатқандығы келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан игі іс екендігіне тоқталды.
Кеш соңында кітап авторы Дина Әбішева, әке аманатын орындап, атасы Әбіш Рысбайұлының атын танытып, кітап қып шығарған еңбегінің ақталып,насихатталып жатқанына қуана отырып, аудан жұртшылығына ,соның ішінде осы іс-шараның өткізілуіне мұрындық болған аудан әкімі Карбозов Талғат Тойшыбекұлына,аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сейдин Сағынғали Зәкірұлына, аудандық орталық кітапхана директоры Мұсабаева Көркем Амантайқызына шын жүректен ризашылығын білдіре отырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтеріліс -ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды. Осы көтеріліске басшылық еткен халық батыры Амангелді Имановтың азаттық жолындағы күресінде мыңдаған ержүрек сарбаздар бірге отаршылдыққа қарсы шығып, ел үшін жанын берді. Онымен бірге еңбегі мен ісі қатар тұрған Әбдіғапар хан, сарғаскер Әбіш,Кейкі батыр, мыңбасылар: Бекжан, Өмей, Қосжан, Сары Оспан, Мұхамеджан, Бекіш Досай қажы, Дүйсеке би және сол секілді арыстарымыздың да бірге жүргенін атап өткен жөн.
Әбіш Рысбайұлы саяси жұмыстар, оның ішінде дін жөніндегі орынбасар қызметін атқарған, халық арасында бұл қызмет «сарғаскер» деп ерекше бөліп аталған. Ә.Рысбаев көтеріліс басшысының дін жұмысын ғана емес,бүкіл халықты көтеріліске жұмылдыруда пәрменді үгіт-насихат жүргізген көмекшілерінің бірі болған.
Қанды шайқастың ортасында Амангелді, Кейкілермен қатар жүрген батыр. «Амангелді –көзмерген, Кейкі-қолмерген, Әбіш-сөзмерген» деген сөз жиі айтылған.
Г.Қалмағанбетова
Аудандық орталық
кітапхана қызметкері
https://aman-kitaphana.rka.kz/kz/novosti-kz/350-bish-rysbaj-lyny-tu-anyna-155-zhyl-aty-ylymi-konferentsiya-jymdastyryldy.html#sigFreeId9cb4363749

























