Өткен ғасырда қазақ халқының басына төнген зардап қаншама қазақтың өмірін қиды, зиялы өкілдерімізді жер аударды, атты. Осының салдарынан қазақ халқының саны азайды. Бұндай қасіретті күндерді болашақ ұрпақ ұмытпауға тиісті.
Жазықсыз жазаланған азаматтарымыздың есімін есте сақтау жолында игі істердің мұрындығы болып жүрген, ұзақ жылдар бойы ҰҚК органының Қостанай облыстық басқармасында Ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеуші болып қызмет істеген, отставкадағы подполковник Ғалихан Нұржанұлы Мәулетовтың еңбегі зор.
Саяси қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккендердің адал есімдерін халқына, ұрпақтарына қайтаруда шама-шарқынша үлес қосып жүрген Ғалихан Нұржанұлы Мәулетовтың туғанына - 85 жыл толуына орай аудандық орталық кітапханада «Шындықтың шырағын жаққан» атты тұлғатану сабағы өткізіліп, Ғ.Нұржанұлының өмірбаяны мен еңбектері таныстырылып, мағлұматтар берілді.
Ғалихан Нұржанұлы Мәулетов 1937 жылы мамыр айында Қостанай облысы, Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы ауылында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Минск, Киев қалаларындағы КГБ органының Одақтық арнайы оқу орындарын тәмамдағаннан кейін, «Жадымызда сақталсын», «Память людская», «Үрей мен үміт», «Замана», «Ұмытылмайтын қасірет», «Арына дақ салмаған», «Азалы ақиқат», «Ер есімі-ел есінде», «Азамат еді-ау, аяулы» атты кітаптар мен жүзден астам көлемді ғылыми, публицистикалық еңбектер жазды.. Бірнеше рет республикалық ҰҚК органының және облыс әкімінің мақтау грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
https://aman-kitaphana.rka.kz/kz/novosti-kz/336-shyndy-ty-shyra-yn-zha-an-lketanushy-otstavkada-y-podpolkovnik-alikhan-m-uletov-85-zhasta.html#sigFreeIdc2136d6ef2
Г.Қалмағанбетова
Амангелді аудандық орталық
кітапхана қызметкері

























