Төлеуай Құтжанқызы апамыз есімі Қостанай - Торғай  аймағына кеңінен танымал, белгілі айтыскер ақын, әнші-композитор. Құтжан Қанжығалиннің төл перзенті. Ол кісі балаларының ішіндегі тұңғышы Төлеутай апамыздан үлкен үміт күткен. Апай бала кезінен-ақ мектепте оқып жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан. Кейін 1959 жылы Қостанай медициналық училищесін бітіріп келіп, еңбек жолын Чапаев колхозында бастаған. Ауыл халқына қалтқысыз медициналық көмек көрсеткен, көпшіліктен алғыс алған. Мұнда да өзінің әншілігімен, ақындығымен, айтқыштығымен ерекшеленген.

Төлеутай Құтжанқызы өзінің қалап алған мамандығын жете меңгеріп, халыққа сапалы медиициналық  қызмет көрсетіп, еңбектің бақыты мен мерейін көре бастаған. Халықтан алған ақ алғысы «Құрмет белгісі», Октябрь революциясы ордендерімен және 20-ға жуық медальдармен, сонымен қатар ҚазақССР Денсаулық сақтау министрлінгінің Құрмет грамоталарымен марапатталуына жеткізген. Аудандық, облыстық партия комитеттерінен алған Құрмет грамоталары мен марапаттары бір төбе. Үйде әйел, ана болған апай түзде өзінің жігерлігімен, белсенділігімен, қайраткерлігімен әрдайым көпшіліктің көз алдында жүрген.  Айтыскерлік өнерін жетілдіріп талай сайыста өзінің суырып салма өнерімен даралана білген. Бұл ретте өмірлік серігі Сәкен ағаймен күнделікті сөз қағыстырып айтыста жүруі де өз ықпалын еткен. Олардың отбасында өлеңмен сөз қағыстыру берік дәстүрге айналған.  Апай айтыс ақыны болумен қатар, жазбаша ақында. Ол кісі тәуелсіз еліміздің өмірдегі әр алуан тарихи қуанышты оқиғаларға байланысты үнемі үн қатып отырады. Сол сияқты ауданда өтетін салтанатты жиналыстарда өлең жырларын оқып, халқын жігерлендіруден жалыққан емес. Ел бас қосқан жиындарда табаны қызған тұлпардай тыпыршып тұрады. Өлеңді жазайын деп жазбайды. Алла аузына салған соң көкірегін кернеген жырларды сыртқа шығаруға асығады. Апайдың өлеңдерінде туған ел мен туған жерге деген сүйіспеншілік, ағайын туысқа деген бауырмалдық, тілектестік, жас ұрпаққа деген ақ тілек, ақ бата әрдайым көрініп тұрады. Ғибрат пен тағылымы мол.  Аналық махаббат пен мейірімнен туған бұл өлең жырлар кім-кімге де болса ой салады.

Бұл күнде ол кісіні аудан халқы құрметтейді, ардақ тұтады. «Амангелді ауданының құрметті азаматы» атағының иегері. Бұл құрметтің бәріне Төлеутай апай әбден лайық. Төлеутай апай үлкен алқалы жиындарда, тойларда ақ пейілден төгілген жүрекжарды лебізін жыр шумақтары арқылы төгілтіп отырады. Апай қай кезде болмасын  - ойын-тойдың, сауық-сайранның көркі. Қолына қасиетті қара домбыраны алып, күмбірлетіп тартқанда арқасы ұстап, әруақтанып шыға келеді. Сол кезде оның аузынан әсем жырлар түйдектеле төгіледі. Әнді де келістіре шырқайды. Бұл кезде ол мүлде өзгеріп, бақаша кейіпке – ақындық қалыпқа түседі. Ең бастысы, ақындық қызметін одан әрі жалғап, жұртын жырына бөлеп, рухани сусындата берсе, апайдың тілегінің орындалғаны дейміз. Бұл ол кісінің бойындағы асыл қаисеттерінің бірі. Жасай беріңіз жаны жайсаң, ақын апа, асыл ана. Апайға ұзақ ғұмыр, денсаулық тілейміз.