Аудандық мәдениет үйінде орталық кітапхананың ұйымдастыруымен туған жердің төл перзенттерінің бірі,бүгінде Астана қаласында тұратын журналист-жазушы, аудармашы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әбішева Дина Ғиссақызымен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кеш мақсаты- Дина Ғиссақызының шығармашылығымен кеңінен таныса отырып, биылғы жылы баспадан шыққан «Қайсар қыз» атты кітабының тұсаукесер рәсімін жасап, кітаптың ішкі мазмұнын ашып, оқырмандарды қызықтыру,туған елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін ояту.

Кешке арнайы Дина Ғиссақызының сыныптастары, замандастары,ұстаздары мен жақындары келіп,игі тілектерін айтып, құттықтап,жылы лебіздерін білдірді.Сыныптастардың жарасымды әзілдері, балалық шақтың тәтті естеліктері,жарқын жүздесулер ,міне барлығы осы кеште көрініс тапты.

Ұстазы Әбдікәрімұлы Ағыбай,сыныптастар Сәбитқызы Жібек,Жұмабекқызы Салтанат,Жәкіжанұлы Орал,Аханов Бейсенбай,т.б.өз орталарынан шыққан , бірге оқыған Дина Ғиссақызының жеткен жетістіктеріне қуана отырып, қаламы одан әрі ұштала беруіне тілектестік білдірді.

Дина Ғиссақызының ұстазы болған, бүгінде кітапхананың тұрақты оқырманы Әбдікәрімұлы Ағыбай мен Сәбитқызы Жібек кітаптың тұсауын кесіп, шашу шашылды. Мәдениет үйінің әншісі Мұханбетжанова Әйгерім әдемі әнін жолдап, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.Кеш соңында қонақтар естелік суреттерге түсіп, жақсы ниетпен тарқасты.

Әбішева Дина Ғисақызы - 1957 жылы,16 қыркүйекте Торғай облысы (казіргі Қостанай облысы) Аманкелді ауданында педагогтар отбасында дүниеге келген. 1974 жылы Аманкелді орта мектебін бітірген. 1975- 1979 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқыған.

Еңбек жолын қалалық, облыстық газеттерде тілшіліктен бастаған. Әр жылдарда «Фолиант», «Ақарман» баспаларында редактор, «Сарыарқа» баспасында бас редактор, «Астана» журналында әдеби қызметкер, «Әлем әдебиеті» журналында проза және публицистика бөлімінің меңгерушісі, «Сто лиц столицы» журналы бас редакторының орынбасары, сондай-ақ, «Жазира» журналы бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.

«Тағдыр тауқыметі», «Өмір шоқтығы» естелік-кітаптарының авторы, Көркем аударма саласында біраз тер төккен қаламгердің «Севанның асау толқыны» жинағына армян әдебиетінен көркем аудармалары енген.

Биыл баспадан шығып отырған «Қайсар қыз» кітабына әр жылдарда баспасөз беттеріне жарық көрген әңгімелері, көркем аудармалары және повесі жарияланып отыр.

Журналист-қаламгердің бұл кітабына енген әңгімелеріне қазіргі қоғамның ащы шындығы арқау болған. Маскүнем әке, ішкілікке салынған ұл, жат ағымға ілесіп адасқан қыз тағдыры – кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіндегі психологиялық иірімдерімен шебер өріледі. Өмір-өзеніндегі кейіпкерлердің басынан өткен оқиғаларды жүрегінен өткізіп, шынайы жазады. Сондай-ақ, «Қайсар қыз» повесіндегі тағдыр тауқыметін тартқан ана бейнесі көркем шығарма желісінің айшықты тақырыбына айналған. Сонымен қатар,Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде Аманкелді Имановтың үзеңгілесі әрі сарғаскері болған атасы - Әбіш Ырысбайұлы жайында жазған деректі әңгімесі оқырмандарды бей-жай қалдырмайды. Ауылдастарының басынан кешкен қаракеттері де езу тартқызып, көңіліңе жылыұшырай қалады. «Жалғыздық», «Ағатайым менің», «Ақ бантик» әңгімелеріндегі жазушының ой-толғаныстары мен нәзік сыршылдығы әдемі үйлесім тапқан. Автордың ойы ұшқыр, тілі көркем әрі жатық.

Кітап авторы орталық кітапханаға тұсауы кесілген жаңа кітаптың 25 данасын сыйға тарту етті,бұл кітап орталық кітапхана мен филиалдарға таратылатын болады.

Туған жерден түлеп ұшқан Дина Ғиссақызына шығармашылық табыс, қаламыңыз ұшталып,оқырмандарыңыз көбейе берсін демекпіз!