Айтыстың Аруанасы

Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ ұлтын қайраған, жігерін жаныған  «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы – қазақтың арғы-бергі тарихы тұжырымдалған, ұлттық құндылықтарымызды айқындаған,мемлекеттің келешек келбетін бағдарлаған құжат. Елбасымыздың бастауымен Қазақстан өз даму жолында бағыт-бағдарын айқындап, рухани жаңғыру мәселесі қолға алынды.

 

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» жобасы аясында белгілі айтыскер ақын, жерлесіміз Әлпия Орманшина Кәрбозқызының 65 жас мерейтойына орай Амангелді ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  орталықтандырылған  кітапхана жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Айтыстың Аруанасы» атты әдеби кеш болып өтті,

Кеште айтыскер ақынның ізін жалғастырушы шәкірттері, мектеп оқушылары айтыскер ақынның жырларын оқып,ән-күймен сусындатса, аудандық Т.Елтебаев атындағы саз мектебінің ұстазы Қапаров Байғоныс  күймен әуеледі.

Астана қаласы Тіл басқармасы «Руханият» орталығында бөлім басшысы боп қызмет етіп жүрген ел перзенті, айтыскер апамыздың шәкірттерінің бірі Тоба Өтепбаев та бүгінгі кешке арнайы келіп қатысып, өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, өз жанынан шығарған жыр жолдарын тарту етті.

«Мен даламның қызымын» атты суретті–кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды.

Әлпия 1955 жылы 23 ақпанда Аманкелді ауданында туған. Ең үздік  ұстаз, айтыс ақыны, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, 2010 жылы Арқалық педогогикалық институтын бітірген. Мектеп қабырғасында жүргенде жазған алғашқы жырлары «Ақжелкен», «Қазақстан пионері», «Тың шұғыласы» газеттерінде жариялана бастаған. 1986 жылдан ақындар айтысына қатысып, 1988 жылы Амангелді ауданында Қ.Қанжығалин мен С.Есенбаевтың құрметіне өткізілген айтыста алғаш рет жеңіске жеткен. 1990 жылы Көкшетау қаласында өткен Үкілі Ыбырай тойына арналған айтыста бас жүлделерге ие болды. Омбы қаласында өткен қазақ мәдениетінің онкүндігіне қатысқан. 1997 ж. Петропавл қаласында ұйымдастырылған аймақтық айтыста бірінші орын алды. Ұзақ жылдар бойы Амангелді кенті мен Қостанай қаласындағы бүлдіршін ақын – жыршылар үйірмелерінде жас буынды айтыс өнеріне баулумен айналысып келеді. 2007 жылы Республикалық Қазақстан телеарнасы «Айтыс. Қазақстан чемионаты» хабарын ұйымдастырып, халқымыздың ғажайып өнерін кеңінен насихаттауға пәрменді үлес қосты десек, артық болмас. Осынау жоба халықтың көзайымына айналды. Осы айтысқа біздің облыстан да талантты екі жас -талай додаға түсіп, өздерін нағыз саңлақтар ретінде танытқан Салтанат Өтелбаева мен Марғұлан Оспанов қатысып,ел чемпионатында сөз маржанын төкті. Ал енді осы екі жасты айтыс өнеріне баулып, ұстаздық еткен белгілі айтыс ақыны Әлпия Орманшинаның да еңбегі зор. Сондықтан да болар «Айтыс. Қазақстан чемпионатын» ұйымдастырушылар оны «Ең үздік ұстаз»арнайы дипломымен марапаттады.

Ақын апамыздың «Мен даламның қызымын» (2004), «Елік көңіл ойнақтайды далада» атты(2009) жыр жинақтары жарық көрді.

Жалпы ақын өзі туған табиғатына тартып туады деген сөзде жан бар. Әлпия өлеңдерінен де өзінің кең байтақ Сарыарқасының жанға жайлы, сиқырлары сырлы самалы есіп тұрғандай әсер қалдырады. Ең бастысы, өлеңдерінде жасандылық жоқ. Әлпия жас кезінде өнерін өлең жазудан бастапты. Талай аламан бәйгелерге түсіп, айтыста топ жарып жүлде алып жүрген сыршыл да шыншыл, өмірдің өзінен туған өрнекті жырлары оқыған жанды бейтарап қалдырмай, өзіндік бір шумақты күйге бөлейді екен. Небір дүлдүл дарынды ақындар шыққан құнарлы топырақ Торғай өңірінің түлегі – Әлпия апамыздың мерейлі 65 жасы құтты болып, шығармашылық табыстарға жете берсін демекпіз!

 

Г.Қалмағанбетова

Амангелді аудандық орталық

кітапхана қызметкері