12 ақпан күні жазушының «Ақ аруана» повесі оқырман арасында талданды. Повесті талдаудағы мақсатымыз, киелі сөз өнерінің қасиетін дәріптеп, осы повесть арқылы оқырман қауымға туған жерді құрметтеу, қадірін білу, қасиетін ана мен бала махаббатын ұғындыру. Повесті талдай отырып, оқырмандардың кітапты оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.
Көркем сөздің көрнекті шебері, есімі мен еңбегі алыс, жақын шет елдерге кеңінен танылған жазушы Сәбит Аймұханұлы Досановтың бұл повесі оқырман қауымға ой салатын, тәрбиелік мәні бар повесть. Киелі сөз өнерінің қасиетті қақпасын «Ақ аруана» атты повесімен қаққан жазушы Сәбит Досанов әдебиетшілердің де, оқырман қауымының да назарын бірден баурап алды.
Шығарма көлемі шағын болса да, мазмұны өте тереңде жатыр. Аруананың іс әрекеті арқылы адам баласына туып өскен жерінің қаншалықты қымбат, еш нарсеге айырбасталмайтынын айтады. Хайуан болса да түйсігі зор аруана жат елді жерсіне қоймай, қаншама қиындықпен өз мекеніне келіп, жан тапсырады. Хикаяның туған жерге, оны құрметтеуге насихаттайтын тұстары өте көп.
Жалпы адам баласының туған жерге деген құрметі қашанда ерекше. Дүниеден өткеннен кейін марқұмның денесін туған жеріне әкеп қоюы, немесе туған жерден бір уыс топырақ буйырмады деп айтуында көп мән-мағына жатыр. Оны өз туған жерінен жырақта жүрмеген адам түсінбеуі мүмкін.
Повесте қалмақ ханының шаруадағы оң қолы Ақ аруананың тұқымы- өзге қан араласпаған қазақы түйенің қысқа тығыз өскен жүндеріне қарап, қазақы тұқымды түйенің қайталанбас қасиетін ұғынып, түйенің осы бір өзгеше түрін өсірмек болған еді. Қалмақ қолындағы түйелер монғол түйесі тұқымдас. Олар жұмыр денелі, ширақ жүрісті, жүндес болып келеді. Қазақы түйелерге қарағанда көзге қораш, жатаған келеді.
«Тәңірім ау, төскейінде жайраңдап жүрген, тайраңдап шапқан шақтарда, білмеппін ғой мен бейбақ туған жердің қадірін» деген зерде сезім оның жатса да, тұрса да дұғасы, -деп суреттейді жазушы
Туған жердің топырағына тырс-тырс тамған аруананың көз жасын көрген көптің көкірегінің мұңға толғаны, атамекен үшін азап пен ажалға қасқайып қарсы жүріп, туған жеріне жетіп жығылған арауананың ерлігі қайталанбас ерлік боп саналады.
Ауыл кітапханашысы «Көркем сөздің зергері» кітап көрмесін жасап, оқырман қауымға таныстырды. Көрмеге жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, биыл ғана өзіміз ақтық сапарға шағарып салған Хамитбек ағамыздың, жазушы жайында айтқан дәйек сөзі және Хамитбек ағаның 60 жылдық мерейтойына келіп қатысқан фото суреті де қойылды.
Мектеп кітапханашысы жас маман Аяпбергенова Анар фото слайд жасады. Балахмет Серікболсын «Ауылым» әнін орындап, туған жерге деген елдің қадірін, одан сайын арттырды. Есенғали Сабина «Ақ аруана» бейнесін сомдап, көптің көңілінен шықты. Көрмеге кітапханадағы жазушының барлық кітаптары қойылды. Іс шараға жазушының кітабын оқып шыққан оқырмандар, ауылымыздың құрметті қариясы Ташкеев Жаңбырбай ата, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабеков Серік ағай, мектеп директоры Жанат Хайроллаұлы, тәрбие ісінің орынбасары Әбілбаева Нұргүл, қазақ тілі пәні мұғалімдері Күлбабенова Салтанат апай, Жандилдина Нұргүл, Әлімжан Самал сыныбымен, клуб меңгерушісі Жұмағанбетова Айгүл, ассисент Жұқатаева Анар және мектеп оқушылары қатысып, кітап жайындағы ойларын ортаға салды. Ел қадірін білуде, туған жер, ата анаға деген сағынышы, елге деген ыстық сезімі, аруана арқылы айтылғаны, оқырман қауымның көзіне жас алғызды. Сәбит Досановтың «Аңыз адам» кітабында жазушы жайында көптеген мәліметтер, марапаттары, ол туралы ақын жазушылар пікірлері, отбасы жайында фото суреттер, газетке шыққан мақалалары түгел қамтылған. Оқырман қауым кітапты алып оқыды.
https://aman-kitaphana.rka.kz/kz/novosti-kz/256-k-rkem-s-zdi-zergeri-s-bit-dosanovty-80-zhyldy-merejtojyna-oraj-a-aruana-povesin-taldau.html#sigFreeIdaedd3aaaaf
Үрпек ауылының кітапханашысы
Нұржанова Майраш Тұрғынбайқызы

























