«Кітаппен дос - оқырман» сайысы
23 сәуір Бүкілдүниежүзілік кітап күні

Кітаптың адам өміріндегі маңызы қашанда жоғары. Кітап адамға дос, ақылшы. Кітап жақсылыққа үйретеді, жамандықтан аулақ болуға жол нұсқайды.
Үрпек ауылдық кітапханасында 23 сәуір Ұлттық кітап күніне орай, кітап оқуды қалыптастыру мақсатында 5, 6 сынып оқушыларымен оқыған кітаптары аясында сайыс өткізілді. 
Ауыл кітапханашысы қатысушыларға кітаптың шығу тарихы жайында мағлұмат беріп өтті. Кітаптың негізгі материалы ағаш. Ағаш орманнан кесіледі жүк машиналарына тиеп, фабрикаларға жеткізеді, Жұмысшылар ағашты өңдеп, одан қағаз жасайды, дайын қағазды кітап шығаратын баспаханаларға жеткізеді. Жазушылар, ғалымдар кітаптың мәтінін құрастырып, оны әріп терушілер кітап бетіне түсіреді және мәтіннің мазмұнына сай суреттермен безендіреді. Осылайша, адамдардың маңдай терімен жасалып сауда орындарына, жаңа білім мекемелеріне, оқырманға жол тартады. Кітапты үнемі таза ұстап, оған құрметпен қарауды үйрену керек.
Сайысқа қатысушылар екі топқа бөлінді. Бірінші топ аты - Кітапқұмарлар, екінші топ аты: Кітапсүйерлер. Сайыс үш бөлімнен болды. 
«Кім зейінді?» қойылған сұраққа, тез ойласып жауап беру. «Ой - зерде», сөздің түпкі мағынасын ашу, «Сөз атасы - мақал» мақалдың жалғасын табу.
Екі топтың да оқырмандары сайысқа белсене қатысты. Өз білімдерімен ерекше көзге түсіп, қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап тапқан Әлім Ислам, Шәкір Нұрбақыт және Еркінқызы Іңкәр кітапхананың арнайы дипломымен марапатталды. 

Үрпек ауылының кітапханашысы
Нұржанова Майраш Тұрғынбайқызы